skip to Main Content
Қарашаңырақ

Қарашаңырақ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне 90 жыл толып отыр. Әрине, осындай білікті, бірегей оқу орнының өз тарихы, қалыптасқан жолы, мемлекетте алатын биік орны бар. Өткенді айтпай, бүгінді бағамдап, болашақты болжай алмайсың. Сондықтан да университет тарихын қайта бір жаңғыртқан кезде, әлбетте, өткен күндерге қалай да көз жүгіртесің, зерттейсің, талдайсың.

Патшалық Ресей құлады. Кеңестер Одағы құрылды. Кешегі Ресей Империясының боданы болған қазақ елі үшін большевиктік қоғам жүйесі қасірет те, қасиет те алып келді.

Қасіреті – колхоздастыру саясаты кезінде қазақ мал-жаннан айырылып, тоз-тоз болып, үдере көшті. Тарыдай шашырап, шекара асып кетті. Елді ашаршылық жайлады. Қазақтың ұлы классик жазушысы Мұхтар Әуезов 1922 жылы Қазақ қызметкерлері Одағы Кеңесінің мәжілісінде: «Шындығына көшсек, ашаршылық жайлаған қырдағы елдің қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлі көріністері ойын сияқты әсер етеді. Егер де бұл адамдарды аштықтан құтқару үшін дәл қазір, шұғыл түрде шешуші шара қолданбаса, онда Қазақ Республикасы – қазақсыз қалады», деп айтқан екен.  (ҚР МОА 82 қар. 42-ші іс, 23-24 парақтар).

Иә, тарихшылардың соңғы жылдардағы зерттеулеріне қарағанда ашаршылық жылдары қазақтың 50 пайызға жуығы опат болыпты.

Қазақ елінің қалыптасуы мен дамуында жоғары мектептің алатын орны ерекше. Өйткені, Мемлекеттің күшті болуы – оның кадрларының мықты болуымен тығыз байланысты. Осы орайда Ұлтымыздың ғылым және білім шаңырағы – ҚазМУ, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне айналған қасиетті қара шаңырақтың қайталанбас тарихы, алып отырған биік тұғыры бар.

Қасиеті – күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру саясаты жүргізілді. Елді индустрияландыру мақсаты қойылды. Ол үшін не істеу керек? Әрине, білімді, ғылыми ойды, мешеулікті жоя алатын жаңа кадрлар шоғыры қажет еді. Ол кадрлардың бәрін Мәскеуде дайындау мүмкін бе? Әрине жоқ. Сондықтан да Одақтас Республикаларда ЖОО ашу қажеттілігі туындады. Кеңестер Одағының алғашқы жылдарында сауатсыздықты жою, мектептер ашу, училищелер, ФЗУ секілді оқу орындары ашылды. Жастар бұл жерлерде оқыды, мамандық алды. Дегенмен, олар іргелі міндеттерді шеше алмады.

Билік Қазақстанда Алматы Педагогикалық институтын құрды. Ол мектептер үшін педагог мұғалімдерді даярлауға бағытталды. Ал университет құру қажеттілігі көтерілгенде, пединститут университетке қойылатын талаптарды жүзеге асыра алмайтындығы көрінді.

Кеңестер Одағы алдына үлкен мақсат қойды. Ол тұтастай Одақтас Республикаларда кадрлар даярлау мақсатынан туындады. Өйткені алып индустриалды Мемлекет құру үшін Одақтас Республикалардың күшті ғылым-білім кадрлары қажет болды. Ұлттық саясат үшін, ұлттық кадрлар қажеттігі туындады. Осылай 1933 жылы 20 қазанда Мәскеуде, Кремльде №2293 қаулы қабылданды. Ол «Қазақстан үшін мамандар даярлау» деп аталды. Қаулыға Кеңес Одағы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. Молотов (Скрябин) қол қойды. Осы қаулыны орындау үшін БКП (б) Қазақ өлкелік комитеті ҚазМУ-ды құру туралы 1933 жылы 13 қарашада  педагогикалық институттың негізінде университет құру туралы қаулы қабылдады. Осылай 1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ Мемлекеттік университеті құрылды.

Қазақстан білімі мен ғылымының жаңа дәуірі басталды. Айта кетелік, сол жылдың 15 қаңтарында 54 қыз бен жігіт университет табалдырығын аттады. Физика-математика және биология факультеттері, кейінірек химия факультеті ашылды. Студенттер саны бірте-бірте өсе бастады. Осылай, ұлттық кадрлар даярлау мектебі қалыптасты. Ал, төрт жылдан соң аспирантура ашылды. Бұл университет ғылыми мектебінің бастауына айналды.

Сонымен, ресми түрде 1934 жылдың 2 желтоқсанында С.М. Киров атындағы университет аталған жоғарғы оқу орнына Федот Трофимович Оликов (1893-1974) директор болып тағайындалды. Ол кім еді?

Ф.Т. Оликов 1914 жылы Ташкент мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін, халық мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал 1919 жылы Ташкент шығыстану институтын бітіреді. 1927-1934 жылдар аралығында Қазақ ССР Халық ағарту комиссарының орынбасары болады. Сол кездегі Үкімет басшылары университет құру ісіне мейлінше жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Өйткені университет басшылығына өмірді көрген, қызметін Халық ағарту саласында бастаған тәжірибелі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам тағайындалды. Университеттің Жоғары миссиясына ерекше назар аударылғаны осыдан айқын көрінеді.

Университет тарихында 1938 жылдың ақпанында биология, физика-математика және химия ғылымдары бойынша кандидаттық ғылыми атақ және доцент дәрежесін беру құқығына ие болды. Бұл – жаңа бетбұрыстың басы еді.

Мұның бәрі Республика экономикасына, ауыл-шаруашылық кадрларын даярлаудағы білім мен ғылымның өте үлкен қажеттілігінен туындағаны бірден көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет-ғылым-экономика мұраттары бір арнаға тоғысты.

Бұл – ұлт тағдырындағы ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Халық жауларын әшкерелеу науқаны басталды. 1937 жылға қарай, ұлттық элита, Алаш ардақтыларына «Халық жауы» деген айып тағылып, атылды, жер аударылды. Мәселен, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, М. Тынышбаев, тағы да басқа ондаған, жүздеген тұлғалар қызыл террордың құрбандарына айналды.

1939 жылы күзде ҚазМУ-дың ректоры болып, Иван Куприянович Лукьянец тағайындалды. Бұл кезең Кеңес Одағы тарихындағы ең ауыр сәттердің бірі еді. 1937 жылғы репрессияның әлі уыты қайтпаған кезі болатын. Оның үстіне Еуропада фашистік идеология қалыптаса бастады. Сарапшылар мұны соғыс пен бейбітшілік тұрғысында қарады. СССР басшылығына небір қызметтік хаттар жазылғаны қазір тарихи ақиқатқа айналып отыр.

Лукьянец Иван Куприянович (1902-1994) тарих ғылымдарының кандидаты еді. Ол 1930 жылы Мәскеуде Коммунистік тәрбие академиясын, ал 1932 жылы Н. Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясының аспирантурасын бітірген.

Кеңестік жүйе барлық деңгейдегі басшы кадрларды Мәскеуде іріктеп, аймақтарға басшылық қызметке жіберіп отыратын. Орталықтың көзі – Иван Куприянович Лукьянецке түсті. Ол – өмірбаяны, білімі, коммунистік идеологияға лайықты тұлға деп есептелді. Оның кандидатурасы ҚазМУ-дың ректорлық қызметіне лайықты деп табылды. 

Шынында да Лукьянец университеттің қалыптасуына, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Кейін Қазақ ССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атанды.

Иван Куприяновичті өте жақсы таныдым. Жаны жайсаң, жүрегі ашық адам еді. Ол жоғары мектептің іскер ұйымдастырушысы болды. Көргені де, ғылыми ой жүйесі де кең басшы ретінде танылды. Ұлтымыздың «ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлағатты сөзіне сай екенін көрсетті.

Ұлы Отан соғысы алдында университетте биология, физика-математика, химия факультеттеріне филология және журналистика факультеттері қосылды.

1941 жылға қарай университеттің материалдық базасы нығая түсті. Халық шаруашылығына оқу бітірушілердің үшінші легі аттандырылды. Соғыс жағдайына орай, академиялық топтарда дербес семинарлармен қоса, әскери қорғаныс және санитарлық сабақтар енгізілді. Шұғыл тұрде 30 медбике дайындалып, майдан шебіне кетті.

Соғыс жылдары майданға университеттің 287 оқытушысы, қызметкерлері мен студенттері аттанды. Олардың қатарында Брест қамалын қорғаушы В.И. Фурсов, Ғ. Жұматов, Т. Сатыбалдин, Г. Деревянко сияқты университет түлектері бар.

Ал, университет түлегі А.Г. Попов Кеңестер одағының батыры атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында соғыс өрті тұтанған елдің Еуропалық бөлігінен, атап айтқанда, Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск тағы да басқа қалаларынан ірі ғалымдар мен ұжымдар, лабораториялар Қазақстанға көшірілді.

Қазақ Мемлекеттік университеті ғылыми кадрлар жағынан нығайды. Осы кезеңдерде ССР ғылым академиясының академиктері И.И. Мещанинов, Н.С. Акулов, корреспондент-мүшелер В.А. Догель, А.В. Думанский, профессорлар А. Михлин, М.А. Розенберг, Н. Пакуль тағы да басқа атақты ғалымдар келіп қызмет істеді, ғылыми мектепті қалыптастырды.

Иван Куприянович: «Орталықтан келген ғалымдармен бірге Қазақстанға ғылыми мектептер келді. Ұлттық кадрлар шоғыры қалыптасты. ҚазМУ жоғары оқу орнының флагманына айналды», деуші еді.

1943-1944 оқу жылында ҚазМУ бірінші дәрежедегі жоғары оқу орындарының санатына енді.

Соғыстан кейінгі жылдары университеттің ғылыми әлеуеті күрт өсті. Ғылым-білім кадрлары шоғыры қалыптасты. Техника ғылымдарының докторы, профессор Ә.Б. Бектұров, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Н. Покровский, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор К.П. Персидский, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, классик-жазушы М.О. Әуезов, Ұлттық академияны құрушы, атақты академик Қ. И. Сәтпаев, Е.Б. Бекмаханов, Ә.Х. Марғұлан, Д.П. Сокольский студенттерге дәріс оқыды.

Халқымыздың білімге, ғылымға деген құштарлығына осындай ұлы тұлғалардың дәрістері ықпал етті. Ғылымға жас, талантты шәкірттер келе бастады. Соның нәтижесінде қазақ интеллигенциясы қалыптаса түсті. Әрі ұлттық кадрлардың шоғыры жарқырап көрінді.

Халық шаруашылығын қалпына келтіру – Ұлттың ұлы жобасына айналды. Геология-география факультеті құрылды.

1947 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаев (1910-1964) университет ректоры болып 1953 жылға дейін қызмет атқарды. Ректорлық қызметтен Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып көтерілді. Қазақстанның бірінші Сыртқы Істер министрі болды, Кеңестер Одағының Үндістандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарды. БҰҰ мінберінен сөз сөйлеген ұлт қайраткері де – осы Төлеген Тәжібаев ағамыз.

Төкеңнің тұсында университетте студенттердің ғылыми қоғамы құрылды. Ғылыми қызметкерлердің саны мен сапасы артты. 1950-1951 жылдары ҚазМУ-дың оқытушы-профессорларының саны 285 адамға жетті. Оның 18-і профессор, 58-і доцент, 27-і ғылым кандидаты болды.

Әрине, университет болған  соң оның қанаты кең, ғылыми айдыны биік болуға тиісті ғой. Тарихқа жүгінсек, 1954-1955 жылдары Алматы заң институты ҚазМУ-дың заң факультеті болып жаңа статусқа ие болды. Енді университет қабырғасында 3778 студент оқыды. Ал, оқытушылар құрамы 386-ға жетті.

Студенттердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса назар аударылды. Жастардың рухани кемелденуіне ерекше маңыз берілді. Университетте алты көркем-өнерпаздар ұйымы жұмыс істеді. Сондай-ақ әр факультеттің де өз үйірмелері болды. Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивальіне университеттің 20 қыз бен жігіті делегат болып қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Жылдар өткен сайын, қоғам дамыған сайын ҚазМУ-дың да беделі мен даңқы өсе түсті. Мұның бәрі ғылым мен білімнің эволюциялық өсуімен тығыз байланысты болды.

1955-1961 жылдары ректорлық қызметті биология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ ССР ғылым академиясының академигі Темірбай Байбосынұлы Дарханбаев (1910-1987) атқарды.

Темекеңнің тұсында ҚазМУ-дың халықаралық беделі едәуір өсті. Шетелдік студенттер саны артты. Университетте өсімдіктердің биохимиялық зат алмасу мәселелерін зерттейтін арнайы зертхана, ал 1968 жылы Қазақстан Ғылым академиясының ботаника институтында ақуыз және нуклеин қышқылдарын зерттейтін лаборатория, ал 1973 жылы сол институтта дәнді-дақылдар мәдениеті биохимиялық лабораториясын құрды.

ҚазМУ тарихында Закарин Асқар Зақарұлының есімі (1908-1990) ерекше құрметке ие болды. Ол 1953-1955 және 1961-1970 жылдары университет ректоры қызметін атқарды.

Асқар Закариннен қалған ұлағатты сөз күні бүгінге дейін ғалымдар арасында айтылып жүр. Ол: «Адамда төрт түрлі достық қатынас болады. Бірі – шәпке (қалпақ) қайыру тәсілі. Басынан шәпкесін жұлып алып, иіліп сәлемдеседі. Жапалақша жалтақтайды. Жалпақтайды. Бұл – лауазымыңды қадірлеген уақытша сыйластық. Ендігі үш түрін ерекше бөліп атайын. Бірі – соғыстағы достық. Екіншісі – тай-құлындай тебіскен сыныптастар жарастығы. Үшіншісі – студенттік сағынышты жылдар жолдастығы».

Атақты ғалым, ұлағатты ұстаз университет студент жастарының рухани кемелденуіне ерекше мән берді.

Асқар Зақарұлы – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің түлегі. Ол ҚазМУ-дегі студенттердің құрылыс отрядын құрған озық ойлы азамат, әрі басшы еді. Ең бастысы, Асқар Закарин – Казгуград жобасын жасатқызып, оны Мәскеуде бекіткізген болатын.

Асқар Закарин ректор, азамат, тұлға ретінде де оқытушылар мен студенттердің құрметіне бөленді. Студенттік жылдарымда өзім ол кісінің лекцияларына қатысып, біраз білім жинақтадым. Ол өзінің ғылыми мектебін құрды. Осылай университет тарихының жаңа бағыт-бағдарын қалыптастырды.

Әрбір ректор өзімен бірге жаңа ой, жаңа бағыт алып келеді. Асекеңнен кейін университет ректоры болып, Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков (1931-1999) тағайындалды.

Ол Мәскеу Мемлекеттік университетін механика математика мамандығы бойынша бітірген, техника ғылымдарының докторы, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі, Казақ Ұлттық Инженерлік академиясын ұйымдастырушы, әрі тұңғыш президенті, менің өмірдегі ұлы ұстазым болды.

Ғұлама ғалым 1970-1986 жылдары ҚазМУ-дың ректоры болып қызмет атқарды. Бұл жылдарды университеттің жаңғырған, дамыған, өркендеген тұсы деп білемін.

Ол Мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Ұлы құрылыс қалай басталды?

1966 жылы 14 қыркүйекте Алматы қалалық кеңесі атқару комитеті шешімімен С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің оқу ғимаратын салу үшін 70 гектар жер телімі бөлінді. Оның 10 гектары Ботаникалық бақ пен «Весновка» өзені арасын қамтыған жер болатын. Ал, 1970 жылы желтоқсан айында Қазақ КСР министрлер кеңесі ҚазМУ қалашығының бірінші кезегін салу туралы арнайы шешім қабылдады.

Осылай – ұлы құрылыс басталды.

Осы кезеңдерде, яғни он жыл ішінде бірнеше студенттік жатақхана, биология, география және қоғамдық факультеттердің ғимараттары, тамақтандыру комбинаты мен сауда орталығы, басқа да нысандар іске қосылды.

1970 жылдардың аяғына ҚазМУ қалашығы жанынан ұстаздарға арналған 400 пәтерлік алты тұрғын-үй кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ 280 орындық балабақша іске қосылды. Студенттерді сауықтыру профиликаториясы (ескі жатақхана негізінде) жасақталды. Әрине, мұндай алып құрылысқа Республика басшысы Д. А. Қонаев ерекше қамқорлық жасағанын айтпасақ, тарихқа қиянат жасаған болар едік. Қорыта айтқанда, Өмекең басқарған жылдары, университетте 864 оқытушы жұмыс істеді. Олардың – 79-ы профессор, доцент, ғылым кандидаттары. Сондай-ақ Қазақ ССР ғылым академиясының 10 академигі мен корреспондент мүшелері жұмыс істеді. Академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, профессор Алма Сармурзина, академик Шалтай Смағұлов тағы да басқа ғалымдардың есімдері сол жылдары ұлттың мақтанышына айналды.

Өмекең айтушы еді: «Қастасуға уақытым жоқ, мен дос түгендеп жүрген адаммын», деп.

Мұнан кейінгі жылдары жоғары мектепті қалыптастыруға, ғылымды дамытуға айтарлықтай үлес қосқан академиктер, қоғамдық өмірде ерекше орны бар ректорлар: Ерғожин Еділ Ерғожаұлы, Әбділдин Мейірхан Мүбәрәкұлы, Нәрібаев Көпжасар Нәрібайұлы, Қожамқұлов Төлеген Әбдісағиұлы, Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы есімдерін атап өткім келеді.

Сондай-ақ университеттің 90 жылдық тарихында ерекше із қалдырған, өздерінің ғылыми мектептерін құрған ғалымдардың өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі болары анық.

Әрине, ол ғалымдардың әрқайсысы туралы бір-бір мақала арнаса да болар еді. Дегенмен, олардың аттарын атап өту – азаматтық парыз деп есептеймін. Олар кімдер еді?

Биология ғылымдары бойынша, Қазақ КСР ғылым академиясының академиктері: Б.А. Домбровский, Т.Б. Дарханбаев, М.Х. Шығаева, математик ғалымдар Қазақ КСР ғылым академиясының академиктері К.П. Персидсикй, Ө.А. Жолдасбеков, А.Д. Тайманов, Ө.М. Сұлтанғазин, Қ.А. Қасымов, Ш.С. Смағұлов,  Н.Т. Данаев, химия ғылымы саласы бойынша, Қазақ КСР ғылым академиясының академиктері Н.Н. Ворожцов, М.Т. Козловсикй, М.И. Усанович, Д.В. Сокольский, Қ.А. Жұбанов, Б.А. Бірімжанов,  география ғылымдары бойынша, Қазақ КСР ғылым академиясының академиктері М.Ж. Жандаев, А.В. Чигаркин, И.З. Лутфуллин, физика ғылымдары бойынша ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері Ж.С. Тәкібаев, М.М. Әбділдин, философия ғылымдары бойынша А.Х. Қасымжанов, К.Х. Рахматуллин, Ә.Қ. Тұрғынбаев, экономика ғылымдары бойынша, И.М. Бровер, С.А. Нейтштат, академиктер С.Б. Бәйішев, Я. Әубәкіров, филология ғылымдары бойынша, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ғұлама жазушы М. Әуезов, академик З. Қабдолов, М.Б. Балақаев, Б. Кенжебаев, шығыстану ғылымы бойынша, профессорлар, академик Ә.Б. Дербісалиев, Ө.К. Күмісбаев, К.Қ. Қожахметов, М.Н. Мәженова, журналистика саласы бойынша, профессорлар Қ.Н. Бекхожин, Т.С. Амандосов, Ю.А. Крикунов, Т. Қожакеев, М.Қ. Барманқұлов, атақты заңгерлер М.Т. Баймаханов, С.З. Зиманов, С.С Сартаев, Ғ.С. Сапарғалиев, С.Я. Болатов, Ю.Г. Басин, К.Ф. Котов, М.А. Ваксберг, В.А. Ким тағы да басқа ғалымдардың есімдерін құрметпен еске аламыз.

Классикалық университет жолы

2009 жылы Қазақ Ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойы салтанатпен атап өтілді. Мерейтойға орай Мемлекет басшысы, Сенат және Мәжіліс төрағалары арнайы құттықтаулар жіберді.

Сол кездегі Сенат Төрағасы, бүгінгі Президентіміз Қ.К. Тоқаев:

«Мемлекетіміздің мақтанышына айналған қастерлі білім ордасы алғаш шаңырақ көтерген 1934 жылдан бүгінге дейін Қазақстан тарихының барлық кезеңдерінде уақыт талабы мен үндесе отырып, жоғары білім беру мен ұлттық ғылымды дамыту ісінде айрықша жетістіктерге қол жеткізді», деп жүрекжарды сөз айтқан еді.

Шынында да 75 жыл ішінде Қазақ Ұлттық университеті кәсіби, ғылыми және педагогикалық мектептердің алтын ұясына айналды. Заман ағысына орай, жаһандық талаптарға сәйкес университетте мықты дәстүрлер қалыптасты. Осылай бүкіл ұлттық элитаны қалыптастырған қасиетті білім шаңырағына айналды.

Ұлттық университеттің тарихы – Қазақстанның өсіп-өркендеу, даму жолдарымен тығыз байланыста қалыптасты, әрі дамыды.

Тәуелсіздік әкелген ұлттық құндылықтар жас ұрпақты патриоттыққа, өзінің өткені мен бүгінін білуге, адами капиталды дамытуға ерекше мүмкіндіктер ашты. Мамандар даярлаудың Халықаралық стандарттары қалыптасып, әлемдік білім беру жүйесіне кірікті.

Ұлттық университеттің жаңа жаңғыру кезеңі басталды. Ол – классикалық университетке айналды.

«Қазақ Ұлттық университетінің 2009-2011 жылдар аралығындағы даму стратегиясы» жасалған.

Алпыс мамандық бойынша қазақ және орыс тілдерінде элективті курстардың каталогтары жүзеге асырылды.

Оқудың кредиттік технологиясы енгізілді. ҚазМУ әлемнің 400-ден астам университеттерімен ынтымақтастық шартына қол қойды.

PhD докторанттарын дайындау тәжірибесі қалыптасты.

Университетте бакалавриат, магистратура және докторантурада оқу, 14 факультет, 102 кафедра арқылы 200 мамандық бойынша жүзеге асырылды.

Көптеген кафедралар, ғылыми-зерттеу лабораториялары ашылды.

Университеттің Қамқоршылар кеңесі құрылды. Түлектер ассоциациясы жұмыс істей бастады.

Әрине, Ұлттық университетіміздің 90 жылдық тарихында атқарылған жұмыстардың бәрін атау мүмкін емес. Ал, атқарылатын жұмыстар одан да көп.

Болашақ бүгіннен басталады

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры болып, ҚР Мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, дипломат, министр, әкім, Төтенше және өкілетті елші Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы жұмыс істеп жатыр.

Жансейіт Қансейітұлы үлкен өмір мектебінен өткендіктен, университеттің болашағына ұлттық даму стратегиясы тұрғысынан қарау концепциясын ұсынды. Мәселені қоя білетін және шешімін таба алатын, заман, жаһандану талаптарына сәйкес жүзеге асыра алатын адам ретінде, өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін және іскерлігін көрсете бастады.

ҚазҰУ қалашығы дамуының жаңа кезеңін бастап та кетті. Әлемдік университеттердің филиалдарын ашты. Бішкек, Ыстанбұл қалаларында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істейді.

Жоғары билікте жұмыс істеген, үлкен тәжірибесі бар биік тұлғаның ректор болуы Ұлттық университеттің, болашақтың университеті болатынын көрсетіп отыр. Университет қалашығының болашақ құрылысы Ақордада қолдау тауып бекітілді. Енді 500 мың ш.м. жаңа құрылыс нышандары бой көтермек. Үш жылдан соң ғылыми зерттеу, инновация орталықтары, технопарк, емханасы бар аурухана құрылысы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ оқу корпустарының арасында «Уақыт иірімі» атты су бұрқағы бар парк жұмыс істейтін болады. Әрі «Ғылым стелласы» кіші сәулет формасымен фудкорт салынбақ.

Ал, әл-Фараби көшесінің кіреберісінде 12 мың ш.м құрайтын ректораттың жаңа футуристтік ғимараты бой көтермек.

Сондай-ақ он екі мың орынға арналған жатақхана студенттерге өз есігін ашпақ.

Ұлттық университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Қансейітұлының жұмысына табыс тілеймін.

Қазақ Ұлттық университетінің түлектері мемлекетіміздің абыройын әр салада асқақтатып жүр. Қанша ма ректорлар шықты, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қанша ма?!

Бүгінгі Премьер-министр Ә.А. Смайылов мырза да Ұлттық университетіміздің түлегі екенін атап өтелік.

Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, министрліктерде,  сондай-ақ Жоғары Сот, Бас Прокуратора сынды мемлекеттік мекемелерде жауапты қызметтер атқарып жүрген түлектеріміз көптеп саналады.

Университет кадрлары – ұлттық элитаны қалыптастырды және абыроймен жалғастыра береді.

Ерен еңбектері үшін зор құрметке бөленген азаматтар аз емес. Мәселен, Иванов Анатолий Степанович пен Ананьев Анатолий Андреевич Социалистік Еңбек ері, ал Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Ілия Жақанов, Дулат Исабеков Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды.

Барлығымыздың алтын ұямызға, қара шаңырағымызға айналған ҚазМУ мен ҚазҰУ-дың кейбір түлектерінің жүрек-жарды сөздерін кірістіре кеткім келеді.

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері:

«… Қайран, университет-ай… Жер-жерден арман қуған жастар жиылып едік. Сол жылғы түлектер естен кетпейді. Өндірістен келгендер өте көп. Мектеп бітіріп, оқуға түскендер азбыз. Жетім шөжелердей үрпиісіп бір бөлек жүреміз. Келе-келе үйреністік. Бөлектенуді қойдық. Майлы қасықтай араласып кеттік. Соғыстан арыған аш арық қоғам оң-солына қарай бастады. Қайтадан ел болып кетудің қамын қылды. Әр студенттің артында бір қазақ шаңырағының тағдыры тұрды. Ол жылғы балалар аш-жалаңаш болғанымен, болашақ әлемдік деңгейдегі жарысқа түсетін іргелі ұлттың ұлтаны еді…»

Олжас Сүлейменов, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері:

«…Қарғын су кетіп, биік шыңдар көрінді. Ол библейлік Арарат тауы секілді жарқырап көрінді. Солардың арасында ҚазҰУ болмаса ҚазМУ-дың шоқтығы биік тұр…»

Мұндай бағалаулар менің жүрегіме жылы тиеді. Өйткені өзім де өз тағдырымдағы ең қасиетті шаңырақ – осы университет деп білемін. Мектеп бітіріп, әскери борышымды өтеп, ҚазМУ-дың дайындық бөлімінде оқып, студент атандым. Қара шаңырақта рухани, ғылыми жағынан қалыптастым. Өмірімнің сындарлы жылдары университет атымен тығыз байланысты. Студент, аспирант, кандидат, доктор, академик, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ректор, министр – барлығы да университеттік білімімнің, ұстаздардың тәрбиесі мен қалыптасқан жақсы дәстүрлердің арқасында жүзеге асқаны анық. Бұған шексіз сенімдімін және қарыздармын.  

Өмірімде қандай қызметте болсам да, ешқашан Алтын ұя – ұлттық университетімнен қол үзген емеспін. Өйткені университет азаматтық қалыптасу, білім мен ғылым ордасы ретінде тағдырымда ерекше орын алады. Сондықтан да университетіміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өткенге көз жүгіртіп, жүректен шыққан сөздерімді жеткізуге тырыстым.

Уақыт өткенімен, жылдар алмасқанымен, Қазақ Ұлттық университетінің шуағы жарқырап көрініп тұр. Көріне береді!

Туған күнің құтты болсын – қасиетті қарашаңырақ, жасай бер, біздің Альма-Матер!

Бақытжан Жұмағұлов,
ҰҒА академигі,
ҚазҰУ-дың 2008-2010 жж. ректоры

Back To Top